
Халықтарды біріктіретін зерде:
Римде қазақ халқының ұлы тұлғасы еске алынды
Рим, 2026 жылғы 10 тамыз – «Вилла ди Грациоли» тарихи саябағында ұлы қазақ ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай оның бюстіне гүл қою салтанатты рәсімі өтті. Еске алу шарасына ҚР Елшілігінің, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер қатысты.
Салтанатты шараны ашқан Елші Е.Сембаев: «…ұлы Абайдың есімі тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениеттің де ортақ игілігіне айналғаны қашан. Оның ағартушылық, гуманизм, адамға деген құрмет пен әлемге ашықтық идеалдарына негізделген мұрасы бүгінгі күні ерекше мәнге ие болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен және тұрақты қолдауымен ұлттық мәдени мұраны сақтау әрі кеңінен дәріптеу мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының біріне айналды. Қазақстан мәдениетті сенімнің, өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың әмбебап тілі ретінде қарастыра отырып, өзінің мәдени дипломатиясын жүйелі түрде нығайтып келеді. Абай бюстіне гүл шоқтарын қоя отырып, біз ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп қана қоймай, Қазақстан мен Италия арасындағы рухани және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бейілділігімізді растаймыз. Дәл осы Абай сияқты тұлғалар арқылы халықтарды біріктіретін, өзара құрметке жігерлендіретін және болашақ ұрпақтар үшін берік негіз қалайтын мәдениеттердің шынайы диалогы қалыптасады…», – деп атап өтті. Салтанатты шараға қатысушылар ұлы ақынның бюстіне гүл шоқтарын қойып, оны бір минут үнсіздікпен еске алды. Шара барысында Абайдың шығармалары шырқалып, оның қазақ әдебиетін, ұлттық бірегейлікті және жалпыадамзаттық гуманистік құндылықтарды дамытуға қосқан баға жетпес үлесі туралы жылы лебіздер айтылды.
Биыл бұл шараның маңызы ерекше, өйткені ол Қазақстан-Италия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың белсенді даму кезеңінде және тығыз мәдени-гуманитарлық ықпалдастық аясында өтуде. Абайдың мұрасы халықтарымыздың рухани жақындасуының жарқын символдарының бірі болып қала береді және мәдениет тілінде мемлекеттік шекара болмайтынын дәлелдейді. Абай Құнанбайұлына арналған еске алу шаралары Қазақстанның бай мәдени мұрасын шетелде танымал етуге және Қазақстан мен Италия арасындағы достықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін игі дәстүрге айналды.
ҚР-дың Италиядағы Елшілігі