Рим, 2026 жылғы 30 маусым – Римдегі Еуропалық парламенттің кеңсесінде Итальяндық еуро-жерорта теңізі диалогы желісі (RIDE) және Парсы шығанағы бойынша Еуропалық ақпараттық орталық (EGIC) ұйымдастырған «Үлкен Жерорта теңізі өңірі және Парсы шығанағы аймағындағы ЕО ынтымақтастығының жаңа тұжырымдамасы» атты тақырыпта халықаралық конференция өтті. Сенім бостандығы мен діни қауымдастықтар саласындағы озық тәжірибеге арналған екінші панельдік сессия аясында Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев форумға қатысушыларға еліміздің дінаралық және конфессияаралық диалог саласындағы тәжірибесі туралы айтып берді.
Атап айтқанда, Елші Е.Сембаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жүйелі түрде өзара құрмет, келісім және конструктивті диалог қағидаттарына негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын, өркениеттер тоғысқан жерде орналасқан және түрлі мәдениеттердің, этностардың және діндердің өкілдерін біріктіретін Қазақстан әралуандылықты қоғамдық тұрақтылық пен дамудың көзі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Қазақстанның дінаралық диалог моделінің негізі – ар-ождан бостандығына құрмет, азаматтардың дінге қарамастан теңдігі және мемлекет, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты диалог. Қазақстанның мемлекеттік саясаты сенім, төзімділік және өзара түсіністік атмосферасын нығайтуға бағытталған», – деп атап өтті Е.Сембаев.
Елші сондай-ақ Қазақстанда үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі халықаралық деңгейде дінаралық және конфессияаралық келісімді ілгерілету үшін маңызды құрал екендігін және оның әртүрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері арасындағы ашық және конструктивті диалог үшін танылған халықаралық алаңға айналғанын баса айтты.
«Екі онжылдықтан астам уақыт ішінде Съезд өзін діни көшбасшылар мен халықаралық қауымдастық арасындағы сенімді нығайтуға арналған бірегей тетік ретінде көрсетті. Оның жұмысына үнемі әлемдегі аса ірі конфессиялардың басшылары мен өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, мемлекеттік қайраткерлер, сарапшылар және азаматтық қоғамның өкілдері қатысады», – деп атап өтті дипломат.
Қазақстанның Италиядағы Елшісінің айтуынша, әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары съездерінің басты мақсаты – діни көшбасшылардың бейбітшілік, өзара құрмет, диалог мәдениеті және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеудегі рөлін нығайту.
«Қазақстандық этникалық және діни төзімділік моделі негізі – «әртүрліліктегі бірлік» деген әмбебап қағида. Тарихи тұрғыдан қалыптасқан төзімділік, бірлік, халқымыздың кең көзқарасы бүгінгі күні Қазақстанның бейбітшіл, теңгерімді сыртқы саясатында сәтті жүзеге асырылуда. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Бұл әмбебап құндылықтар мен қағидалар барлық халықтар мен мемлекеттер үшін маңызды екендігіне сенімдімін», – деді Е.Сембаев.
Еуропалық Одақтың Үлкен Жерорта теңізі өңірі және Парсы шығанағы аймағындағы жаңа ынтымақтастық тұжырымдамасы» халықаралық конференциясының басқа тақырыптары АҚШ пен Парсы шығанағы елдері арасындағы қатынастар, Израиль-Палестина процесінің қазіргі жағдайы, Италия мен ЕО арасындағы қатынастар, энергетикалық қауіпсіздік, миграция және Жерорта теңізіндегі тұрақтылық сияқты мәселелерді қамтыды.