Қазақстандық сарапшы Италияның Азияны зерттеу институтының алғашқы сыйлығының иегері атанды

Қазақстандық сарапшы Италияның Азияны зерттеу институтының алғашқы сыйлығының иегері атанды

Рим, 2026 жылғы 24 маусым – Италия Республикасының Сенаты ғимаратында Италия мен Азия елдері арасындағы қатынастарға арналған үздік ғылыми жұмыстарға берілетін «ISIA Strategic Horizons: Italy-Asia Research Award» алғашқы сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Италияның Азияны зерттеу институты тағайындаған сыйлық лауреаттарының бірі болып «Италия-Қазақстан: цифрлық дәуірдегі стратегиялық серіктестік» тақырыбында ғылыми жұмыс жазған «Astana Open Dialogue» талдау платформасының халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Әйгерім Смағұлова атанды. Іс-шараға Италия парламентінің мүшелері, Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің өкілдері, шет елдер елшілері, сарапшылар мен дипломаттар қатысты.

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев сыйлық тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде ауқымды цифрлық трансформация жағдайында Қазақстан мен Италия арасындағы серіктестік жаңа мағынаға ие болып, бірлескен дамуға қосымша мүмкіндік ашатынын атап өтті.

«Қазақстан мен Италия көптеген жылдар бойы берік саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды қолдап келеді. Италия Қазақстанның Еуропадағы бірінші және әлемдегі үшінші сауда серіктесі, ал біздің елдер арасындағы ынтымақтастық тұрақты өсу мен өзара қызығушылықты көрсетеді. Италия өнеркәсіптік жаңғырту, цифрлық өндіріс және инновациялар саласында елеулі тәжірибеге ие бола тұра бұл салада Қазақстан үшін маңызды серіктес», – деді Е.Сембаев.

Қазақстандық дипломат екі елдің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастығына да назар аударды. Оның айтуынша, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылым және жоғары білікті кадрларды даярлау саласындағы бірлескен жобалар екі елдің дамуына жаңа серпін бере алады.

«Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық та ерекше маңызға ие. Жаңа буын мамандарын даярлау, жастардың цифрлық құзыреттерін дамыту және ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдау біздің мемлекеттеріміздің табысты болашағының кепілі », – деп атап өтті Е.Сембаев.

Қырғызстандық сарапшылар Жоомарт Надырбеков пен Темірлан Разбаев та «ISIA Strategic Horizons: Italy-Asia Research Award» сыйлығының лауреаттары атанды.