Триест қаласы, 2026 жылғы 8 мамыр – Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев Екінші дүниежүзілік соғыста Италияның солтүстік өңірлерін азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының 36 қазақстандық жауынгеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға жергілікті билік органдарының, азаматтық қоғам ұйымдарының және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Елші Е.Сембаев іс-шараға қатысушыларды Жеңіс мерекесімен құттықтап, бұл мерекенің адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста туған жерін қорғап, нацизмді тізе бүктірген ата-бабаларымыздың өлмес ерлігін бейнелейтінін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар өз ерікттерімен майданға аттанып, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өмірлерін қиды.
«Бүгін Триест қаласындағы ескерткіштің арқасында біз жеңіс үшін жан тапсырған сарбаздардың есімдерін мақтанышпен еске аламыз. Біздің жүздеген отандастарымыз өздерінің өлмес ерліктерімен Ұлы Жеңіс тарихына өз есімдерін мәңгілікке жазды. Триестті азат етуге қатысқан 36 қазақстандықтың және соғыстың басқа да батырларының есімдері біздің есімізде мәңгі сақталады», – деді Е.Сембаев.
Ескерткіш 2010 жылғы 25 сәуірде ашылған. Оның авторы қазақстандық мүсінші А.Құтанов. 2025 жылы ескерткіш Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Фриули-Венеция-Джулия аймағындағы Құрметті консулы Лука Беллинеллоның көмегімен қалпына келтірілді.
Триестке сапар кезінде Елші Е.Сембаев Триест және Монфальконе порттары басқармасының президенті Марко Консальвомен кездесу өткізіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (TIMT) бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Солтүстік Италияның порт инфрақұрылымы арасындағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар Триест портының Адриатика өңіріндегі негізгі логистикалық хабтардың бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтіп, Қазақстан мен Италияның тиісті ведомстволары арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.