Қазақстанның Италиядағы Елшісінің Венето өңіріне жұмыс сапары

Қазақстанның Италиядағы Елшісінің Венето өңіріне жұмыс сапары

Венето, 2026 жылғы 6-8 мамыр – Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаев Италияның солтүстік-шығысында орналасқан және халық саны бойынша елдің төртінші аса ірі өңірі саналатын Венето өңіріне жұмыс сапармен барды. Сапар барысында Елші Венециядағы 61-ші қазіргі заман өнерінің халықаралық биенналесі аясында Қазақстан павильонының ашылуына қатысып, өңір президенті Альберто Стефанимен кездесу өткізді және Вальдоббьядене қаласына барып, кәсіпкерлермен кездесті.

Елшінің сапары 61-ші Венеция халықаралық биенналесі аясында ашылған Қазақстанның ұлттық павильонына барудан басталды. Қазақстан бұл беделді форумға үшінші рет қатысуда. «Qoñyr: Тыныштық архиві» тақырыбындағы жоба аясында «Дала сәулет өнері» инсталляциясы мен «Dubir» дыбыстық инсталляциясы ұсынылды.

Венециядағы Әскери және тарихи музейдің бес залында орналасқан қазақстандық көрме дыбыс, кеңістік және визуалды бейнелер арқылы ерекше сапар ұсынады. Көрме биенналенің «In Minor Keys» атты тақырыбымен тікелей үндесіп, «Qoñyr» ұғымын естелік, ішкі ырғақ және мәдени тәжірибе метафорасы ретінде зерттейді.

Венето өңірінің президенті А.Стефанимен кездесу кезінде елдер арасындағы сауда, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейі, соның ішінде өңірлік деңгейдегі ынтымақтастық ерекше атап өтілді. Елші Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатқа ие екендігін, олар мемлекет басшыларының өзара сапарларынан кейін қарқынды дамуға серпін алғандығын атап өтті. Сонымен бірге, сауда және экономикалық серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқаны, соның ішінде Италия-Қазақстан сауда палатасы арқылы жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ А.Стефаниге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жөніндегі референдумның нәтижелері және елдің саяси жүйесінің түбегейлі өзгеріп жатқандығын хабарлады.

Өз кезегінде А.Стефани Қазақстанмен байланыстарды дамыту Венето өңірі үшін аса маңызды екенін атап өтіп, сауда саласында да, басқа салаларда да өзара ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Елші Е.Сембаевтің Венето аймағына жұмыс сапары Вальдоббьядене қаласына сапармен жалғасты. Онда азық-түлік, агроөнеркәсіптік өңдеу, машина жасау және энергетикалық жабдықтар салаларында қызмет ететін итальяндық компаниялардың басшыларымен кездесулер өтті.

Атап айтқанда, Е.Сембаев жылына 300 миллион еуродан астам айналымы бар ірі кондитерлік өндіруші «CRICH S.p.A.» және Италияның жетекші генератор өндірушілерінің бірі саналатын «Perin Generators» компанияларының қызметімен танысты.

Сонымен қатар, жергілікті компаниялардың өкілдерімен кездесу өтіп, онда азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жабдық өндіру және тұрақты жабдықтау тізбегін дамыту салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Келіссөздер барысында Елші итальяндық серіктестерге Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалар, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары және Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік ынтымақтастық, өндірісті локализациялау, жабдық жеткізу және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.