
Астанада «Италия–Қазақстан жабдықтау тізбегі форумы: Орталық Азиядағы энергетикалық ауысым» атты халықаралық форум өтті. Оның басты тақырыбы энергетикалық ауысым, жабдықтау тізбегін дамыту және өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Іс-шараға бейнебайланыс арқылы қатысқан Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаев өз сөзінде Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін және екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың тұрақты оң серпін алып жатқанын атап өтті.
«Қазақстан экономикалық жаңғыртуды, ресурстық емес секторларды дамытуды және халықаралық жабдықтау тізбектеріне интеграциялануды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Еуропалық Одақтың негізгі серіктестерінің бірі саналатын Италиямен ынтымақтастық ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Елші.
Форум барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Асель Жанасова, Италия Үкіметінің климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы өкілі Франческо Корваро, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдәбеков, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсенбеков және Италияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшісі Антонелло де Риу құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында тұрақты энергияны дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін тиімді логистикалық бағыттарды құруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, форум қатысушылары Орталық Азиядағы энергетикалық ауысым мәселелері, энергетикалық трансформацияның негізгі жобалары және шикізатты жаһандық өндіріс тізбектеріне интеграциялау, мұнайхимия саласындағы жергілікті жабдықтау тізбегін дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағыты үшін логистика мен инфрақұрылымды дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу сияқты мәселелерді талқылады.
Форум инвестициялық жобалардың қажеттіліктерін анықтау, жабдықтау тізбегіндегі кедергілерді жою және тұрақты серіктестіктер құру сияқты нақты, практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталды.