Қазақстандағы реформалар Италия Депутаттар палатасының мүшесі және НАТО Парламенттік Ассамблеясындағы итальяндық делегацияның төрағасымен кездесуде талқыланды

Қазақстандағы реформалар Италия Депутаттар палатасының мүшесі және НАТО Парламенттік Ассамблеясындағы итальяндық делегацияның төрағасымен кездесуде талқыланды

Рим, 2026 жылғы 2 сәуір – Елші Ерболат Сембаев пен Италия Парламентінің мүшесі, «Орталық одағы» партиясының жетекшісі Лоренцо Чеза арасындағы кездесуде Қазақстан – Италия қатынастарының қазіргі жай-күйі, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар екіжақты қатынастардың жоғары деңгейі мен оларды көпжақты форматта да әрі қарай дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Италия арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейі атап өтілді. Мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлар байланыстарды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамуына жеке назар аударылды. 2025 жылғы екіжақты сауда айналымы шамамен 17 млрд АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда Қазақстанда итальяндық капиталға негізделген 260-тан астам компания экономиканың әртүрлі салаларында табысты жұмыс істеп келеді.

Кездесуде Елші Е. Сембаев Италия Депутаттар палатасының мүшесі, НАТО Парламенттік ассамблеясындағы итальяндық делегацияның төрағасы Л.Чезаны Қазақстандағы негізгі саяси және экономикалық өзгерістермен таныстырды, Мемлекет басшысының елдің саяси жүйесін реформалау жөніндегі бастамалары туралы әңгімелеп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жөнінде өткен референдумның нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Өз кезегінде Италия Депутаттар палатасының мүшесі, НАТО Парламенттік ассамблеясындағы итальяндық делегацияның төрағасы Л.Чеза екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, Қазақстандағы саяси реформаларды оң бағалады, сондай-ақ еліміздің халықаралық сахнадағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.