Қазақстан өз өнімін әлемдік нарыққа шығару үшін «Экспорттаушылар сөресі» атты халықаралық цифрлық платформаны іске қосты

Қазақстан өз өнімін әлемдік нарыққа шығару үшін «Экспорттаушылар сөресі» атты халықаралық цифрлық платформаны іске қосты

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қазақстандық тауарларды жаһандық нарықтарға шығару үшін «Экспорттаушылар сөресі» (https://export.bgov.kz) платформасын іске қосты. Платформа нақты тауарлар, олардың сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттері көрсетілген «Made in Kazakhstan» өнімдерінің кеңейтілген каталогы.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің айтуынша, платформадағы тауарлар бес негізгі сала бойынша жіктелген: жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және химия өнеркәсібі, АӨК өнімдері, металлургия, машина жасау және құрылыс саласы.

Іздеу жүйесі әлеуетті сатып алушыларға қажетті өнімдерді негізгі сөздер арқылы оңай табуға мүмкіндік береді. Мәселен, белгілі бір сұраныс енгізілген жағдайда жүйе осы санат бойынша қазақстандық өндірушілер ұсынатын барлық қолжетімді ұсыныстарды көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнімнің толық сипаттамасы мен негізгі техникалық параметрлері берілген. Сонымен қатар пайдаланушы нақты өнім бетінен сол өнімді өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігіне ие.

«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», – деп атап өтті Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мәдина Ержанова.

«Экспорттаушылар сөресі» жобасы қазақстандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, отандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру стратегиясы аясында іске асырылды.