Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын қабылдайды

Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын қабылдайды

2026 жылғы 6 ақпан – Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани Алматы қаласында 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу жөніндегі құжатқа қол қойды.

Ресми рәсімге сондай-ақ, Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылығы, Азия елдері Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері, сонымен қатар, Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Миланда болған құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар қатысты.

Алматыда спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан. Осы фактор қалаға ауқымды қосымша құрылыс жүргізбей-ақ, кешенді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде әрі ұтымды өткізуге негіз болмақ.

Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел үшін маңызды оқиға саналады және олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қосымша серпін береді.

«2029 жылғы қысқы Азия ойындарының Алматыда өтуі қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді. Бұл - біз үшін жинақталған тәжірибеге және қосымша нысандар салуды қажет етпейтін, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған спорттық әрі қалалық инфрақұрылымға сүйене отырып, еліміздің ұйымдастырушылық мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеуге жол ашады», - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Г.Головкин.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де ірі спорттық жарыстарды сәтті өткізген. 2011 жылы елде қысқы Азия ойындары ұйымдастырылса, 2017 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтті.

Дереккөз: ҚР ҰОК