Валлетта, 2026 жылғы 16 қаңтар – Қазақстан Респбликасының Мальта Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерболат Сембаев Мальта Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және туризм министрі Иэн Борчпен кездесті. Кездесу Елші Е.Сембаевтың Валлеттаға жұмыс сапары аясында өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Мальта арасындағы саяси және сауда-экономикалық әріптестікті дамытудың, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді. Тараптар екі елдің құрылыс, денсаулық сақтау, көлік және қаржы салаларындағы ықпалдастығының айтарлықтай әлеуетіне ерекше көңіл бөлді.
Атап айтқанда, Елші Е.Сембаев білім беру саласындағы қатынастардың серпінді дамуын атап өтіп, туризм саласындағы байланыстарды арттырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Мальта Жерорта теңізі өңіріндегі қазақстандықтар үшін қонақжайлылық пен қауіпсіздік тұрғысынан танымал туристік бағыттардың бірі. Осы тұрғыда Е.Сембаев Мальтамен визалық режимді жою мәселесіне назар аударып, мұндай қадам туризм саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, Елші Е.Сембаев қазақстандық мұнайды тасымалдауға бағытталған Қара теңіздегі Каспий құбыры консорциумының терминалы ауданындағы мұнай танкерлерінің дрондардың шабуылдарына ұшырауы тақырыбына тоқталды. Бұл ретте танкерлердің бірі Мальта туының астында болғанын атап өткен жөн. Елші бұл оқиғаға Қазақстанның алаңдаушылығын білдірді, себебі еліміз қақтығыстың тарабы емес, бірақ тәуекелдер мен жанама шығындарға ұшырауда, бұл өз кезегінде әлемдік мұнай нарығына, атап айтқанда Еуропаға да әсер етеді.
Өз кезегінде Мальта Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және туризм министрі И.Борч екі ел арасындағы визалық режимді жою туралы келісімге тез арада қол қоюға дайын екенін білдірді.
Қара теңіздегі мұнай танкерлерінің шабуылдарына келетін болсақ, И.Борч теңіз тасымалының қауіпсіздігін және халықаралық құқықты сақтауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.