Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы итальяндық депутаттар мен сарапшылар қауымдастығы өкілдеріне елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы итальяндық депутаттар мен сарапшылар қауымдастығы өкілдеріне елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді

Рим, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Ватиканға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев итальяндық депутаттармен және сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, халықаралық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда саяси жүйені реформалау мақсатымен жүргізіліп жатқан өзгерістерге назар аударды. Бұл ретте парламенттік реформаның маңызы, теңгерімді әрі ашық өңірлік саясат жүргізу мәселесі және Парламент қызметінің басқа да бағыттары сөз болды.

Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының айтуынша қазіргі таңда Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Парламенттік реформа – саяси жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Бұл бастама демократиялық институттар мен тетіктерді нығайтуды көздейді. Бұл ретте өкілеттіктері кеңейтілген Парламент маңызды рөл атқарады. Аталған мәселе бойынша түбегейлі шешім 2027 жылы референдум арқылы қабылданады.

Дереккөз және суреттер: ҚР Парламентінің Сенаты