Қазақстанның Италиядағы Елшісінің Камерино қаласына жұмыс сапары

Қазақстанның Италиядағы Елшісінің Камерино қаласына жұмыс сапары

Камерино, 10 қараша 2025 ж. – Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев Адриат теңізі жағалауындағы Италияның Марке аймағында орналасқан Камерино қаласына сапармен барды. Сапар барысында Елші Камерино университетінің студенттерімен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.

Атап айтқанда, кездесуде Елші Е.Сембаев университет студенттерін Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырып, еліміздің сыртқы саяси бастамалары, сондай-ақ екі ел арасындағы қатынастар туралы айтып берді.

«Қазақстандағы реформалар саяси жүйені жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, парламентаризм мен көппартиялылықты дамытуға бағытталған», – деп атап өтті дипломат.

Елші сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қырлары туралы айтып, құжаттың цифрлық трансформацияға, инвестицияларды жаңғыртуға және институционалдық жаңартуға бағытталған өршіл реформалар бағдарламасы екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Е.Сембаев «Орталық Азия-ЕО» және «Орталық Азия-Италия» форматтары аясындағы өңірлік ынтымақтастық аспектілеріне де тоқталды.

«Осы жылдың мамыр айында Астанада өңіріміздің көшбасшылары мен Италия үкіметі басшысының бастарын біріктірген «Орталық Азия + Италия» алғашқы саммиті өтті. Саммит Италияның Орталық Азияның маңыздылығын мойындауының және біздің өңіріміздің бай тарихы бар, инновация мен көпжақтылық қағидаттарына бейілді елмен байланысын тереңдетуге деген терең қызығушылығының жарқын дәлелі болды. Біз Италияны Орталық Азия мен Еуропа арасындағы негізгі «көпір», сондай-ақ Еуроодақ шеңберінде біздің өңірлік мүдделерімізді ілгерілетуде маңызды одақтас ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Е.Сембаев.  

Қазақстандық дипломат сондай-ақ ресей-украин қақтығысын БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары негізінде дипломатиялық жолмен шешудің қажеттілігі, Таяу Шығыс дағдарысы, БҰҰ-ны реформалау, ҚР-дың халықаралық құрылымдарға қатысуы және еліміздің басқа да халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарына тоқталды.

Елшінің студенттермен кездесуінде Камерино университетінің ректоры Грациано Леони, университеттің проректоры Эмануэле Тонди және Италияның Азия институтының президенті Марио Моргони де сөз сөйледі.

Италияның Азия институтының президенті М.Моргони Қазақстанның жаңа реформаларына тоқталды. Оның айтуынша, Италия мен Еуропа тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін осы өзгерістерді қолдауы қажет.

«Біз Орталық Азия елдерімен, атап айтқанда, осы өңірдегі негізгі ел болып табылатын Қазақстанмен қатынастар достық және берік әлеуметтік-экономикалық, мәдени және геосаяси байланыстармен сипатталуы тиіс деп санаймыз. Бұған Италия Президенті Серджо Маттарелла мен Премьер-Министр Джорджи Мелонидің Қазақстанға жақында жасаған сапарлары дәлел бола алады», – деп атап өтті М.Моргони.

Кездесудің соңында Елші Е.Сембаевқа Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарды дамытудағы және нығайтудағы еңбегі үшін диплом табысталды.

Камериноға сапар барысында жергілікті бизнес өкілдерімен де кездесулер өтті. Атап айтқанда, Елші Е.Сембаев "Cluster Nautico delle Marche", "Grandinetti Ceramiche", "CBF Balducci S.p.a", "Antonio Merloni Pressure Vessels", "Fiorini Packaging", "Feval Mobili Darte", "Messersi" компанияларының басшыларымен кездесіп, энергетика, құрылыс, жеңіл және қағаз өнеркәсібі, сондай-ақ ауыр машина жасау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.