Итальяндық жетекші талдау орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы мен еліміздің Орталық Азиядағы рөлі талқыланды

Итальяндық жетекші талдау орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы мен еліміздің Орталық Азиядағы рөлі талқыланды

Рим, 2025 жылғы 9 қазан – Италияның аса ірі талдау орталықтарының бірі болып саналатын Халықаралық қатынастар институтында Қазақстандағы реформаларға, оның Орталық Азиядағы рөліне, Италиямен және Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылдағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге арналған «Ескі және жаңа тораптар: Қазақстан, Италия және Еуропа» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, Италия СІМ өкілдері, талдау орталықтарының сарапшылары, университеттер профессорлары және басқалар қатысты.

Іс-шараны ашқан Халықаралық қатынастар институтының президенті Мишель Валенсизе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі бастамасы Италиямен ғана емес, ЕО шеңберінде де ынтымақтастықты дамытуға және энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар сияқты түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін кең перспективалар ашатынын атап өтті.

Өз кезегінде, Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев «дөңгелек үстелге» қатысушыларға Қазақстандағы реформалардың барысы жөнінде баяндап, оларды Мемлекет басшысының жақында Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының негізгі қырларымен таныстырды, сондай-ақ ЕО шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.

«Бүгінде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер орын алуда. Қоғамды жаңғыртуға және дәйекті демократияландыруға бағытталған саяси реформалар бағдарламасы еліміз үшін дамудың жаңа кезеңін ашады», – деді Е. Сембаев.

Сонымен бірге, Қазақстан Елшісі итальяндық саяси және сараптамалық қоғамдастық өкілдерін Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде ұсынған негізгі бастамаларымен таныстырып, оның басты мақсаты елдің саяси жүйесінің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту екендігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияға, инвестициялар тарту жүйесін жаңғыртуға және институционалдық қайта құруға бағытталған өршіл реформалар бағдарламасын ұсынды. Жолдаудың негізгі ережелерінің бірі Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы өмірлік маңызды «көпір» ретіндегі рөлін нығайту», – деді дипломат.

Іс-шарада сөз сөйлеген Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің Италияны ілгерілету жөніндегі бас директорының орынбасары Фабрицио Лобассо Италияның Орталық Азия елдерімен әріптестік қатынастарды дамытуға мүмкіндік беретін «Италия + ОА» бастамасына үлкен көңіл бөлетінін атап өтті. Екіжақты форматтағы өзара іс-қимылға қатысты ол Италияның энергетика, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда бірлескен жобаларды іске асыра отырып, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға белсенді қатыса алатынын атап өтті.

«Link Campus» Рим университетінің профессоры Микеле Пилуччидің пікірінше, Қазақстан өңірде маңызды геосаяси жағдайға ие. Елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар ішкі дамуға қолайлы жағдай туғызып, оған сыртқы саяси алаңда оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Өзінің географиялық орналасуының арқасында Қазақстан Еуропа, Қытай және Ресейді байланыстыратын стратегиялық торап. Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан логистикалық хаб, энергия ресурстарын жеткізуші және аса маңызды материалдар көзі ретінде өзінің өңірлік ықпалын нығайта отырып, көпполярлы әлемде орталық элемент болуға ниетті», – деді М.Пилуччи. Оның айтуынша, институционалдық реформалар, Қазақстанның президенттік-парламенттік елге айналуы, тежеу және тепе-теңдік жүйесін құру ішкі тұрақтылықтың да, сыртқы саяси табыстардың да аса маңызды факторы бола алады.

Өз кезегінде Италияның Азияны зерттеу институтының сарапшысы Фабио Индео Қазақстанның коннективити саясатын тиімді пайдалануына байланысты өңірлік интеграцияға маңызды үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Саяси тұрақтылықтың, бай энергетикалық ресурстардың, жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» сутек әлеуетінің арқасында жаһандық ойыншылар Қазақстанды Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі серіктесі ретінде қарастырады. Қазақстан Ауғанстанды тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ аймақтағы әлеуетті сауда және логистикалық хаб ретінде қарастыра, оған прагматикалық әдіс қолдана бастады», – деді сарапшы.  

«Дөңгелек үстел» аясында Италия парламенті Депутаттар палатасының мүшесі Федерика Онори, Халықаралық қатынастар институтының сарапшылары Федерико Кастильони, Пьерпаоло Раймонди, Николетта Пироцци, «SIMEST» компаниясының басшысы Витторио де Педис, «ENI» өкілі Виктория Котляревская сөз сөйледі.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ орынбасары Мадияр Сұлтанбек онлайн форматта Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын жүзеге асырудағы рөлі туралы презентация жасады.