Рим, 2025 жылғы 7 қазан - Бүгін ҚР Италиядағы Елшілігінде Елші Ерболат Сембаевтың итальяндық БАҚ өкілдеріне арналған брифингі өтті, оның барысында қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысы журналистерді ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жуырдағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы ақпарат ұсынды.
"Il Messaggero", "la Verità", "InformAction", "Agenzia Nova", "Франс Пресс" және т.б. ақпараттық агенттіктердің журналистері қатысқан брифингте Елші Италия Президенті С.Маттарелланың ү.ж. 29-30 қыркүйектегі Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары және қазақ-итальян қатынастарының ахуалы мен даму перспективалары туралы айтып берді.
Е.Сембаев өз сөзінде Мемлекет басшысы экономиканы цифрлық трансформациялауға, инвестициялар тарту жүйесін жаңғыртуға және институционалдық реформаларды жүргізуге бағытталған өршіл міндет қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президент жасанды интеллектті қамтитын кешенді цифрлық кодексті қабылдауды және жасанды интеллекттің экономиканың барлық секторларына толық интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Елімізді цифрлық трансформациялау жөніндегі реформалармен қатар, Президент инвестициялар мен экономиканы жаңғыртуға назар аударып, Қазақстанда инвестициялар тарту жүйесін жаңартуға және Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құруға шақырды. Президент басым секторларға капитал тарту мақсатында инвестициялық жүйені қайта қарау қажеттігін атап өтті. Үкімет технологияларға бағдарланған инвесторлар үшін әлеуетті преференцияларды көздей отырып, инвестициялық саясатты қайта қарауы тиіс", - деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Елші Е.Сембаев сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы өмірлік маңызды "көпір" ретіндегі рөлін нығайту Жолдаудың негізгі қырларының бірі екендігіне тоқталды. Осы тұрғыда Достық-Мойынты темір жолының құрылысы жақын арада аяқталуы "Шығыс-Батыс" дәлізі үшін ерекше маңызға ие. Жақын арада жеке операторларға кедендік және логистикалық инфрақұрылымға тең автоматтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз ететін "Smart Cargo" бірыңғай цифрлық кедендік-логистикалық платформасы іске қосылуы тиіс.
"Президент Қазақстанды Еуразиялық кеңістіктегі жетекші көлік хабына айналдыру, Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс, "Белдеу және жол" бағыттарын және Транскаспий халықаралық көлік бағытын кірістер мен жұмыс орындарын ұлғайту үшін бірыңғай жүйеге біріктіру міндетін қойды", - деді Е.Сембаев.
Елші Е. Сембаев сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстанда бір палаталы парламент құру жөніндегі ұсынысына тоқталып, бұл мәселе 2027 жылы жалпыұлттық референдумда шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастыққа қатысты Елші Е.Сембаев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Италияға 2024 жылғы қаңтарда жасаған ресми сапары екіжақты қатынастар тарихында жаңа тарау ашқанын атап өтті.
Италия Президенті С.Маттарелланың жақында өткен Қазақстанға ресми сапарына келетін болсақ, Е.Сембаевтың айтуынша, ол Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен жақындасуы аясында өтті, онда Қазақстан тұрақты және сенімді серіктес ретінде шешуші рөл атқарады. Сапар саяси диалогқа, өзара түсіністікті тереңдетуге және энергетика, логистика, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге жаңа серпін берді.
Дипломат С. Маттарелланың сапары Италия мемлекеті басшысының соңғы 28 жылдағы Қазақстанға алғашқы сапары болғанын еске салды. Соңғы рет біздің елімізге 1997 жылы Президент Оскар Луиджи Скальфаро сапармен келген болатын.
"Италия мемлекеті басшысының сапары жоғары және аса жоғары деңгейдегі белсенді саяси байланыстың қисынды жалғасы. Мысалы, 2023 жылдың қыркүйегінде Италия Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі А.Таянидің Қазақстанға сапары өтті. Бұл Италияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының соңғы 25 жылдағы елімізге алғашқы сапары болды, ол біздің стратегиялық әріптестігімізді жандандыру тұрғысынан маңызды сапар болды", - деді Е. Сембаев.
Сонымен қатар, дипломат журналистерге Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонидің биыл 30 мамырда Қазақстанға ресми сапармен келгенін, оның барысында жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздердің, "Орталық Азия + Италия" саммитінің, сондай-ақ Италия Премьер-Министрінің Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында сөз сөйлегенін еске салды.
Брифинг қорытындысы бойынша Елші Е.Сембаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.