Рим, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Елші Ерболат Сембаевтың «LUISS» университетінің студенттерімен кездесуі өтті. Оның барысында итальяндық жоғары оқу орнының тыңдаушылары еліміздің сыртқы саяси бастамаларымен, өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымымен, Қазақстандағы реформалармен, сондай-ақ қазақстан-итальян қатынастарының дамуымен танысты.
- «Қазақстан – Орталық Азияның аса ірі экономикасы. Әлемдегі энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетекші өндірушісі бола отырып, біздің еліміз Азияны Еуропалық Одақпен байланыстыратын «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады», - деді қазақстандық дипломат.
Е.Сембаев студенттерге саяси және экономикалық жүйелерді жаңғыртуға бағытталған Қазақстандағы реформалар туралы айтып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қырларымен таныстырды.
- «Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияға, экономикаға жасанды интеллект құралдарын енгізуге бағытталған өршіл реформалар бағдарламасын ұсынды. Іс жүзінде Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып осы салада осындай жүйелі шешімдер қабылдаудац, - деп атап өтті ҚР Италиядағы Елшісі.
Сонымен қатар, Елші Е.Сембаев Президенттің бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі ауқымды институционалдық реформа жүргізу бастамасы туралы айтты. Бұл мәселе 2027 жылы ұлттық референдумда шешілуі тиіс.
Қазақстанның халықаралық басьамаларына қатысты Е.Сембаев еліміздің сыртқы саясаты көпвекторлылық, теңгерімділік және ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
«Біздің еліміз БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын тұрақты сақтауды қолдайды. Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық жағдайға, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге, сондай-ақ өзекті сыртқы саяси міндеттерге сүйене отырып үнемі жетілдіріліп отырады. Шекаралардың периметрі бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, шетелде ұлттық мүдделерді қорғау және қамтамасыз ету негізгі міндеттер болып қала береді», - деді Е.Сембаев.
Кездесуде Елші Е.Сембаев «LUISS» университетінің студенттерін қазақстан-итальян қатынастарының жай-күйімен және даму перспективаларымен таныстырды.
Елші атап өткендей, Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастар тұрақтылықпен және орнықты дамумен ерекшеленеді. Италия Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Тек 2024 жылдың өзінде өзара сауда көлемі рекордтық 20 млрд АҚШ долларына жетті, бұл біздің экономикалық өзара іс-қимылымыздың ауқымы мен әлеуетін айқын көрсетеді.
Біздің ынтымақтастығымыз гуманитарлық және академиялық саланы да қамтиды: университет алмасулары, мәдени бастамалар, «жасыл» технологиялар және тұрақты даму саласындағы жобалар дамуда.