Римде Қазақстан мен Италияның мәдениет саласындағы ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланды

Римде Қазақстан мен Италияның мәдениет саласындағы ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланды

Рим, 11 шілде 2025 жыл - Бүгін ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаевтың Италия мәдениет министрі Алессандро Джулимен кездесуі өтті, оның барысында мәдениет саласындағы Қазақстан-Италия ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Тараптар мәдени байланыстарды дамытудың жоғары динамикасын атап өтіп, олардың даму перспективаларына қатысты пікір алмасты.

Атап айтқанда, көрмелер, театр ұжымдарының гастрольдері, қазақстандық және итальяндық әртістердің концерттері сияқты бірлескен мәдени жобаларды ұйымдастыру, сондай-ақ кинематография саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелері қозғалды.

Кездесу барысында Елші Е.Сембаев ҚР Италиядағы Елшілігі биылғы жылы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының Римдегі бюстін ашуды, сондай-ақ "Қазақфильм" АҚ-мен бірлесіп Италияда қазақстандық кино күндерін өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы мен Италия Мәдениет министрлігінің Орталық реставрациялық институты арасында меморандумға қол қою жөніндегі жобаны да тілге тиек етті.

Тараптар сондай-ақ Орталық Азия мен Италияның мәдени жақындасу жылы аясында бірлескен іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол туралы шешім ү.ж. 30 мамырда Астанада өткен "Орталық Азия-Италия" саммитінің қорытындысы бойынша ОА елдерінің лидерлері мен Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонидің қатысуымен қабылданған болатын.

Италияның Мәдениет министрі А. Джули қазақстандық тараптың ұсынған жобаларын қолдап, болашақта Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін білдірді.