Қазақстан Елшісі NSK Group Басшысы Нассер бен Кадасахпен кездесті

Қазақстан Елшісі NSK Group Басшысы Нассер бен Кадасахпен кездесті

Ар-Рияд, 2025 жылғы 4 мамыр – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков NSK Group Басшысы Нассер бен Кадасахпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, олар бірлескен жобаларды қаржыландыру саласында екі елдің бизнес-қоғамдастықтары үшін жағдай жасау арқылы инвестициялар көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
Елші М. Меңілбеков сұхбат барысында Қазақстанның бүгінгі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайлы баяндап, NSK Group басшысын 2025 жылғы 29-30 мамырда елордамызда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
NSK Group басшысы Н. Кадасах қазақстандық тараппен іскерлік және экономикалық байланыстарды нығайтуға деген компанияның қызығушылығын растап, алдағы уақытта инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін зерделеу үшін Қазақстанға келуге ниетті екенін мәлімдеді.
NSK Group компаниясы Сауд Арабиясы экономикасына, әсіресе қайта өңдеу, индустриялық және қаржы салаларына ірі инвесторларды тарту саласында кең ауқымды қызметтерді жүзеге асырады, сондай-ақ Сауд инвесторларына шетелдегі ірі инвестициялық жобаларға қатысуға қажетті көмек көрсетеді.