Ар-Рияд, 2025 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков САК Инвестициялар Министрінің орынбасары Сара бинт Абдулрахман әл-Саедпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, олар екі елдің түрлі салалардағы бизнес-қауымдастықтары үшін қажетті жағдайлар жасау және бірлескен жобаларды қаржыландыру арқылы тауар айналымы мен өзара инвестициялар көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
Осы тұрғыда Елші М.Меңілбеков Қазақстанның ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, ҚР Премьер – Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің атынан Сауд Арабиясының Инвестициялар министрі Халид әл-Фалихке 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақыруды табыс етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.