Ислам даму банкі Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға қатысуға қызығушылық білдіреді

Ислам даму банкі Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға қатысуға қызығушылық білдіреді

Жидда, 2024 жылғы 10 маусым – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Мадияр Меңілбеков Жидда қаласындағы Ислам даму банкінің (ИДБ) штаб-пәтерінде сапармен болды.

Сапар аясында қазақстандық дипломат ИДБ-ның жаһандық практика және серіктестіктер жөніндегі Бас директоры Исса Фэймен кездесіп, оның барысында тараптар қаржы институты мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.

Атап айтқанда, ИДБ Қазақстанның аумағында агроөнеркәсіптік кешен, су шаруашылығы, энергетика, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда маңызды әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуға қызығушылық танытуда.

Елші М.Меңілбеков Қазақстанның ірі исламдық қаржы ұйымымен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылдың соңына дейін тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды имплементациялау үшін нақты шаралар қолданатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде ИДБ Бас директоры Исса Фейе Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі Банктің маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі тиімді дамытуға және Қазақстан экономикасының орнықты дамуы мен өсуіне бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында тараптар жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ортақ мақсаттарға жету үшін күш-жігерді жандандыруға келісті.