Сауд Арабиясының Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

Сауд Арабиясының Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

Ар-Рияд, 2024 жылғы 21 сәуір. Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі ретіндегі дипломатиялық миссияның аяқталуына байланысты Елші Б.Арын Сауд Арабиясының Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен көкжиектерін қарастырды, сондай-ақ Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту арқасында қол жеткізілген соңғы екі жылдағы өзара тауар айналымы өсімінің оң серпін алғандығын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сауд Арабиясының қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі А.Әл-Фадли Елші Б. Арынның ҚР мен САК арасындағы қатынастарды дамыту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, оның одан әрі жұмысына табыс тіледі.

Бұл ретте, А.Әл-Фадли Қазақстанның Сауд Арабиясы үшін маңызды әріптес екенін атап өтіп, мемлекетаралық өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары желісі бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық миссиясының күшімен соңғы жылдары бал мен ет өнімдерін экспорттауға рұқсат алған 35-тен астам қазақстандық компания өз өнімдерін Корольдікке жеткізуді жолға қойды.