Ислам даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жобаларға қатысуын жалғастырады

Ислам даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық  жобаларға қатысуын жалғастырады

Ислам даму банкінің Жидда қаласындағы штаб-пәтерінде Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Берік Арын Банк Президенті Мұхаммад Сүлейман Әл-Жассермен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен ИДБ арасындағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде Банктің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға қатысуы мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы көлік және сауда коммуникациясын интеграциялауды көздейтін «Ислам инфрақұрылымдық интеграциясы» стратегиялық бағдарламалық құжатын әзірлеу, ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ету үшін олардың күш-жігерін шоғырландыру мақсатында ғылым мен білім саласындағы 15 жетекші мұсылман елін біріктіруге арналған «ИЫҰ-15» тобын құру секілді ИЫҰ шеңберінде ұсынылған бірқатар қазақстандық бастамаларды ілгерілетуге қатысты тараптардың өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұған қосымша, Б.Арын сұхбаттасын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауымен таныстырып, осы стратегиялық құжатта саяси реформалардың кең ауқымды бағдарламасы және әлемдегі күрделі геосаяси ахуалдың теріс салдарын еңсеруге бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық шаралар ұсынылғанын атап өтті.

Өз кезегінде, ИДБ Президенті М.Әл-Жассер Банктің Қазақстанмен ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге мүдделі екендігін мәлім етіп, ИДБ-нің жаңа әлеуметтік-маңызды жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылау үшін елімізге сапармен баруға дайындығын білдірді.

М.Әл-Жассер Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстандағы жаңа кең ауқымды реформалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан секілді мұсылман қоғамдастығының маңызды мүшесінің тұрақтылығы мен өркендеуі бүкіл мұсылман әлемінің мүдделеріне қызмет етеді.

Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына қосылғаннан кейін Ислам даму банкінің мүшесі болғанын атап өткен жөн.

1997 жылдан бастап Алматы қаласында Банктің Шығыс Еуропа, ТМД елдерімен, Моңғолия және Қытаймен қызметін үйлестіруге жауапты ИДБ-ның төрт өңірлік офисінің бірі жұмыс істейді.

ИДБ-ның қатысуымен әр жылдары Қазақстанда «Алматы-Гүлшат» автожолын салу, «Қарағанды-Астана» автожолының учаскесін реконструкциялау, Сызғанов атындағы хирургия орталығын жабдықтау, Қарағанды облысындағы ауылдық мекендерді сумен жабдықтауды жақсарту, Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғимаратының құрылысын салу және т.б. жобалар іске асырылды.

Қазіргі уақытта ИДБ «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» құрылысы жобасын қаржыландыруға атсалысуда.