Қазақстан Елшісі «Әл-Арабия» телеканалының Бас директорымен кездесті

Қазақстан Елшісі «Әл-Арабия» телеканалының  Бас директорымен кездесті

2021 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Таяу Шығыстағы ең бір танымал «Әл-Арабия» телеканалының Рияд қаласындағы офисында болып, оның өңірлік Бас директоры Мұхаммед Жаррах Әл-Хакамимен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен «Әл-Арабия» телеканалы арасында медиа саласындағы ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері туралы пікір алмасылды.

Осы орайда, қазақстандық дипломат М.Әл-Хаками мырзаға еліміздегі ақпараттық кеңістік саласы және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі туралы айтып берді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның тәуелсіз даму жылдарында араб және мұсылман мемлекеттерімен орнатқан өзара тиімді және достық байланыстары, сауда-экономикалық және мәдени-әлеуметтік салалардағы ынтымақтастығы жөнінде әңгімелеп берді.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар  Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай еліміздің әртүрлі салалардағы жетістіктері мен көрнекті орындары туралы ақпаратты «Әл-Арабия» арқылы тарату мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

«Әл-Арабия» телеарнасы 2003 жылы 3 наурызда құрылған, бас-пәтері Дубайда қаласында орналасқан саудтық телеарна. Сағат сайын жаңалықтар, ток-шоулар мен деректі фильмдерді араб тілінде таратады. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірлерінде көрермендердің кең ықыласына ие болған көшбасшы арналардың бірі, жалпы көрермендерінің саны 165 миллионнан асады. 2009 жылы 26 қаңтарда АҚШ-тың бұрынғы басшысы Б.Обама Президент ретіндегі алғашқы ресми сұхбатын осы телеарнаға берген.

Телеарна әлеуметтік желілерде де белсенді БАҚ-тардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, оның Facebook (25 млн.), YouTube (8,5 млн.), Twitter (20,2 млн.) және Instagram (3,2 млн.) желілерінде миллиондаған оқырмандары тіркелген.