Қазақстан Елшісі Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысымен кездесті

Қазақстан Елшісі Дүниежүзілік ислам лигасының  Бас хатшысымен кездесті

2021 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Дүниежүзілік ислам лигасының (ДИЛ) Бас хатшысы доктор Мұхаммад Әбделкарим Әл-Исамен кездесті.

Кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясындағы Қазақстан мен ДИЛ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жолдары қаралып, дінаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша пікір алмасылды.

Осы ретте Елші Бас хатшы М.Әл-Исаға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы М.Әшімбаевтың аталған бағыттағы өзара ықпалдастықты  тереңдету мақсатында Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған хатын табыс етті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстанда орын алып жатқан маңызды оқиғалармен, соның ішінде қаңтар айында өткен парламенттік сайлау нәтижелерімен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалардың үшінші пакетінің негізгі мазмұнымен, еліміз Тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өту аясындағы шаралармен таныстырып өтті.

Өз тарапынан доктор Мұхаммад Әл-Иса ДИЛ-дің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі қызметін толық қолдайтынын қуаттады және оның Хатшылығымен ынтымақтастықты барынша тереңдетуге, әлемдегі келісім мен үйлесімді, діндер арасындағы өзара құрмет пен сыйластықты нығайту бағытында бірлесіп жұмысты жалғастыруға дайындығын білдірді.

Сондай-ақ, ДИЛ Бас хатшысы көптеген этностар мен конфессиялар өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүруін қамтамасыз еткен Қазақстан басшылығының сындарлы саясатына, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға, тәуелсіз даму жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді.