Қазақстан делегацияcы Нигер астанасы Ниамей қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлік кездесуіне қатысты

Қазақстан делегацияcы Нигер астанасы Ниамей қаласында өткен  Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлік кездесуіне қатысты

Үстіміздегі жылғы 27-28 қарашада Нигер Республикасының астанасы Ниамей қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдар делегацияларының қатысуымен «Бейбітшілік пен даму жолында терроризмге қарсы бірігу» айдарымен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясы өтті.

Аталған шарада еліміз делегациясын Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын басқарды. ҚР делегациясының құрамына Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы, ИЫҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Т.Шалданбай кірді.

Сессияның ашылу салтанатында Нигер Президенті Махамаду Иссуфу сөз сөйлеп, ол мұсылмандар әлемдік терроризмнің 82%-дан астамының құрбаны болып табылатынын, сондықтан осы кездесудің тақырыбын ИЫҰ елдеріндегі қазіргі сын-қатерлері тұрғысында уақтылы шара ретінде қарастыруға болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, ИЫҰ СІМК-ке төрағалықты Біріккен Араб Әмірліктерінен Нигер Республикасына ресми беру рәсімі атқарылды. Төрағаның орынбасарлары болып Қазақстан, Оман және Палестина тағайындалды.

ИЫҰ министрлік кездесуі барысында қатысушылар іс шараның негізгі тақырыбы - терроризмге қарсы күрес мәселесімен қатар қатар Йемендегі, Сириядағы, Ливиядағы, Ирактағы дағдарыстарды және палестина-израиль қақтығысын реттеу секілді өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Форумның күн тәртібіне қарусыздану, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл, исламофобия мен дін диффамациясына қарсы күрес, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерге қатысты экономикалық санкциялар, әлемдегі мұсылман азшылықтарының жағдайы, «ИЫҰ-2025» бағдарламасы және т.б. кірді. Делегациялар экономика, мәдениет, ғылым және технологиялар, денсаулықты сақтау, ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелерін қарастырды.

Өз сөзінде Елші Б.Арын терроризмге, экстремизмге және исламофобияға қарсы күресте күш-жігерлерін жұмылдыру үшін Қазақстанның «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша мінез-құлық кодексі» бастамасының маңыздылығына, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберінде конфессияаралық диалогты жалғастыру қажеттілігіне назар аударды.

Сонымен қатар, ол COVID-19 пандемиясының зардаптарын еңсеруге қатысты Қазақстанның пайымымен таныстырып, осы бағытта еліміздің ИЫҰ бастаған мұсылман мемлекеттерінің короновирусқа қарсы күрестегі күш-жігерлеріне қосылуға дайындығын білдірді.

Дипломат қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту қажеттігін атап өтіп, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ғылым мен технология саласындағы 15 жетекші мұсылман елдерін біріктіретін «ИЫҰ-15» тобын құру туралы бастамасының өзектілігіне назар аударды.

Сонымен қатар, ол COVID-19 жағдайында шиеленісе түскен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін атай отырып, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының барлық әлеуетін ашуға және оның қатысушылар қатарын кеңейтуге баса назар аударды.

Бірқатар мұсылман елдеріндегі шиеленістер мен қарулы қақтығыстардың жалғасуына орай Қазақстан өкілі Ұйымға мүше мемлекеттерді 2016 жылы ИЫҰ Ыстанбұл саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Исламдық татуласу» бастамасын іске асыруға белсенді атсалысуға шақырды.

ИЫҰ СІМК 47-ші сессиясының қорытындысы бойынша Ниамей декларациясы және саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, құқықтық және ұйымдастыру салаларында 90-нан астам қарар қабылданды. Оларда мұсылман елдерінің негізгі жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдары көрініс тапты. Сондай-ақ, Декларацияда 2017 жылы Қазақстанда өткен ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті кезінде қабылданған «ИЫҰ-ның ғылым, технологиялар мен инновациялар саласындағы 2026 жылға дейінгі күн тәртібін» жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

ИЫҰ СІМК тиісті қарарларында Қазақстанның Исламдық татуласу, бұрынғы Семей ядролық полигонын оңалту, Арал теңізі өңірін қалпына келтіру, ядролық қарусыз әлем туралы әмбебап декларациясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «ИЫҰ-15» бастамасы, Абу Наср Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ИЫҰ шеңберінде мерекелеу бастамалары қолдау тапты.

ИЫҰ СІМК-тің осы сессиясының маңызды сәттерінің бірі мүше мемлекеттердің Ұйымның жаңа Бас хатшысын сайлауы болды. Бұл лауазымға Чад Републикасының өкілі Хиссейн Ибрахим Таха сайланды. Ұйым ережелеріне сәйкес, ол өз міндетін атқаруға келесі жылғы қарашада кіріседі.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін – Ислам Конференциясы Ұйымы) 1969 жылы құрылған. ИЫҰ Бас хатшылығы Жидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) орналасқан.

Қазіргі уақытта ИЫҰ жалпы халқы 1,5 млрд. адамнан астам 57 мүше мемлекетті қамтиды және көлемі бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші халықаралық ұйым болып саналады. Бақылаушы мәртебесіне 5 ел мен 5 халықаралық ұйым ие.

Қазақстан Ұйымға 1995 жылғы желтоқсанда мүше болды.