Қазақстан мен Сауд Арабиясы архив ісі саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді

Қазақстан мен Сауд Арабиясы архив ісі саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді

Рияд, 2026 жылғы 7-9 қыркүйек – Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Әбделазиз атындағы зерттеу және архив қорының (Darah) ресми шақыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві басшылығының Рияд қаласына жұмыс сапары өтті.

Сапар барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова мен Король Әбделазиз атындағы қордың бас атқарушы директоры Турки бен Мұхаммед Әлшуайер екіжақты келіссөздер жүргізді.

Кездесуде тараптар екі елдің архив саласындағы өзара ықпалдастығын тереңдету, тарихи құжаттарды бірлесе зерттеу, ғылыми-ақпараттық алмасуды жандандыру және архив ісіне озық цифрлық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты Атқарушы бағдарламаға салтанатты түрде қол қойды. Аталған құжат 2025 жылғы 22 мамырда бекітілген өзара ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерін нақты іс-қимылдармен жүзеге асыруға бағытталған практикалық қадамдарды көздейді.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация үшін ауқымды танымдық және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Сапар аясында делегация өкілдері Сауд Арабиясының Ұлттық музейіне, Король Салман атындағы тарихи материалдарды сақтау және қалпына келтіру (реставрациялау) орталығына, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи Дирия қалашығына, Король Әбделазиз атындағы қоғамдық кітапханаға, Король Фахд атындағы ұлттық кітапханаға және Король Фейсал атындағы зерттеу және исламтану орталығына барып, аталған мекемелердің тыныс-тіршілігімен және бай қорларымен танысты.

Тараптар бұл сапар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, ортақ тарих пен мұраны зерттеуде тың серпін беретініне сенім білдірді.