
Бурайда, 2026 жылғы 3-4 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Әл-Кассим провинциясының әкімшілік орталығы Бурайда қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық құрма фестиваліне арнайы жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Елші әлемдегі ең ірі құрма нарықтарының бірі саналатын сауда алаңын аралап, өнімнің сапасымен, сұрыптарымен және заманауи қайта өңдеу технологияларымен танысты.
Фестиваль аясында қазақстандық дипломат жергілікті кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен жүздесті. Кездесулерде екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету, тауар айналымын арттыру, сондай-ақ экологиялық таза өнімдерді Қазақстанға экспорттау және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын Корольдік нарығына жеткізу мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.