
Рияд, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясы Киберспорт федерациясының төрағасы ханзада Фейсал бен Бандар бен Сұлтан Әл Саудпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар киберспорт саласын дамытудағы серіктестік мүмкіндіктерін кеңінен талқылап, Қазақстан Киберспорт федерациясы мен Сауд Арабиясының Киберспорт федерациясы арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдету жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, екі елдің ұлттық құрамаларын дайындау мен кәсіби тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында Қазақстан Елшісі ағымдағы жылдың 29 шілдесі мен 9 тамызы аралығында Астана қаласында өтетін фиджитал спорт бойынша халықаралық «Болашақ ойындары 2026» турниріне дайындық барысы туралы толық ақпарат берді.
Өз кезегінде ханзада Фейсал Әл Сауд Астанадағы бұл беделді бәсекеге Сауд Арабиясы Киберспорт федерациясының делегациясы қатысатынын растады. Ол екі мемлекеттің федерациялары арасында қалыптасқан тығыз әрі нәтижелі байланысты жоғары бағалап, келесі жылы Қазақстан елордасында өтетін «World Esports Championship 2027» турнирі жаһандық киберспорт қауымдастығы үшін маңызды тарихи оқиға болатынын атап өтті.