Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясының Хаил провинциясы басшылығымен келіссөздер жүргізді

Қазақстан Елшісі Сауд Арабиясының Хаил провинциясы басшылығымен келіссөздер жүргізді

Хаил, 2026 жылғы 15-16 маусым – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Хаил провинциясына ресми іс-сапармен барып, өңір басшылығымен және іскерлік топ өкілдерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Сапар аясында Хаил провинциясының губернаторы ханзада Әбделазиз бен Саад бен Әбделазиз Әл Саудпен келіссөздер жүргізілді. Кездесуде екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси-экономикалық байланыстар атап өтіліп, өңіраралық кооперацияны тереңдету мәселелері талқыланды. Тараптар инвестициялық және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуетті жобаларды бірлесе жүзеге асыру мүмкіндіктеріне баса назар аударды.

Өңірлік даму басқармасының басшысы Омар бен Абдулла әл-Абдулжаббармен кездесу барысында провинцияның инфрақұрылымдық және урбанистік даму жоспарлары қаралды. Тараптар логистика, тау-кен, «ақылды қала» технологиялары және туризм салаларында тәжірибе алмасу жайын сөз етті.

Сонымен қатар Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Әли бен Бандар әл-Судайримен екіжақты сауда-саттық көлемін арттыру жолдары талқыланды. Кездесуде бірлескен іс-шаралар, В2В кездесулерін ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортын дамыту мәселелері ортаға салынды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Хаил провинциясының басшылығымен инвестициялық серіктестік пен агроөнеркәсіптік кооперацияны іс жүзіне асыру мақсатында тұрақты жұмыс деңгейіндегі байланыстарды орнату жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.