Рияд, 2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның туристік әлеуеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға екі мемлекеттің ресми органдарының, жетекші туристік қауымдастықтарының, іскерлік орталары мен БАҚ өкілдері қатысып, өзара ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Сауд тарапынан Сауд Туризм басқармасының басшылығы, сондай-ақ Корольдіктің «Al Matar», «Almosafer», «Oriental Sky», «Alahram» және «Jayak travel» сынды жетекші туроператорлары мен «Al Hokair Holding Group» және «Al Taleb Group» секілді ірі инвесторлық компанияларының басшылары бас қосты. Қазақстандық тараптан «Kite travel», «Imax Group Kazakhstan» және «Elite life» сияқты отандық туристік нарықтың танымал компаниялары өздерінің бірегей өнімдерін таныстырды.
Кездесудің ашылуында екі ел арасындағы туризм секторының зор әлеуеті мен өзара туристік ағынның оң динамикасы ерекше аталды. Саудтық саяхатшылар үшін Қазақстанның қауіпсіз, қолайлы әрі бірегей эко-туристік бағыт екендігіне айрықша екпін аударылды.
Дөңгелек үстел аясында екі елдің туркомпаниялары арасында B2B кездесулері мен келіссөздері ұйымдастырылды. Бұл іскерлік алаңда қатысушылар өзекті ақпараттармен, сонымен қатар жаңа туристік маршруттармен әрі іскерлік байланыстармен алмасты.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берген саудтық серіктестер алдағы жазғы маусымда Қазақстанға деген туристік қызығушылықтың жоғары екенін растап, жаңа бірлескен турпакеттерді іске асыруға ниет білдірді, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы туристік және инвестициялық ықпалдастықты жаңа белеске көтеруге серпін берді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Сауд Арабиясынан Қазақстанға келушілер саны жыл санап артып келеді: 2024 жылы бұл көрсеткіш 9 060 адамды құраса, 2025 жылы 11 666 адамға жеткен.