
Рияд, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Король Әбделазиз атындағы мәдени коммуникация орталығының Бас хатшысы Абдалла бен Мұхаммед әл-Фаузанмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Елші Бас хатшыға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі туралы мәлімет ұсынып, 2025 жылы Астана қаласында өткен VIII Съездің қорытындылары, соның ішінде «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжаты туралы пікір алмасты.
Өз кезегінде А.әл-Фаузан Орталықтың қызметімен таныстырып, оның негізгі бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, келіссөздер аясында Орталық пен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы арасында толеранттылық құндылықтарын насихаттау бағытында серіктестік орнату мәселелері талқыланды.