
Рияд, 2026 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Таяу Шығыста кеңінен танымал «Arab News» газетінің журналисті, дипломатия және халықаралық істер бағытының басшысы Лама Әлхамавиді Елшілікте қабылдады.
Кездесу барысында Елші Л.Әлхамавидің 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитті ақпараттық тұрғыда жария етуге бағытталған алдағы іссапарына қатысты бағыт-бағдар беріп, сәт сапар тіледі. Сонымен қатар, Елші іс-шараның мазмұны мен маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, өңірдегі экологиялық ахуалдың өзектілігі, климаттың өзгеруі, су ресурстарын тиімді басқару және тұрақты даму мәселелері негізгі талқылау тақырыптары болатынын атап өтті. Сондай-ақ, саммиттің БҰҰ және халықаралық серіктестермен бірлесіп өткізілетінін, оған мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуы күтілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Лама Әлхамави Елшілік тарапынан көрсетілген қолдау үшін өзінің алғысын білдіріп, аталған халықаралық іс-шараны кеңінен жария етуге дайын екенін жеткізді.
«Arab News» – 1975 жылы Сауд Арабиясында құрылған жетекші ағылшын тілді басылым. Газет Таяу Шығыс өңіріндегі және әлемдегі саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік тақырыптарды кеңінен қамтып, халықаралық жаңалықтарды сапалы әрі объективті түрде ұсынуымен танымал.