Қазақстан мен Сауд Арабиясы өңірлік жағдай аясында сауда байланыстарын нығайту жолдарын талқылады

Қазақстан мен Сауд Арабиясы өңірлік жағдай аясында сауда байланыстарын нығайту жолдарын талқылады

Рияд, 2026 жылғы 9 наурыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Сыртқы сауда жөніндегі бас басқармасы (GAFT) басқарушысының м.а. Мұхаммед Әл-Әбделжабармен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында екіжақты сауданы кеңейту, тауар номенклатурасын әртараптандыру және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Таяу Шығыстағы қазіргі геосаяси жағдай аясында тараптар тұрақты сауда байланыстарын нығайтудың, баламалы логистикалық бағыттарды дамытудың және азық-түлік пен өнеркәсіптік тауарлардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан мен Сауд Арабиясы өңірлік және жаһандық экономикалық тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқара алатыны атап өтілді.

Кездесудің қорытындысы бойынша қазақ-сауд экономикалық байланыстарын одан әрі нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

2019 жылы Сауд Арабиясы Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылған Сыртқы сауда жөніндегі бас басқармасы (GAFT) қаржылық және әкімшілік жағынан тәуелсіз мемлекеттік ұйым болып табылады және сыртқы сауда саласында кең өкілеттіктерге ие. Өз қызметі шеңберінде «GAFT» Корольдіктің сыртқы сауда саясаты мен стратегиясын әзірлейді, мемлекеттік және жеке сектордың қызметін үйлестіреді, аймақтық және халықаралық сауда ұйымдары мен форумдардағы мемлекеттің мүдделерін қорғайды.