Қазақстан Сауд Арабиясы Шығыс провинциясының бизнес қауымдастығымен іскерлік байланыстарын нығайтуда

Қазақстан Сауд Арабиясы Шығыс провинциясының бизнес қауымдастығымен іскерлік байланыстарын нығайтуда

Даммам, 2026 жылғы 11-12 ақпан – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Шығыс провинциясына жұмыс сапары барысында «Zamil Investments», «Rawabi Holding», «AHQ Group», «Norstar Group» және «Gulf Enterprises» компанияларымен келіссөздер жүргізді.

Өткен кездесулер барысында энергетика, мұнай-химия, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және девелопмент салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

М.Меңілбеков Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ елде ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру аясында ашылатын мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Шығыс провинциясының бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан нарығының әлеуетін жоғары бағалап, өзара тиімді әріптестікті дамытуға қызығушылық білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тікелей диалогты жалғастыруға, іскерлік миссиялар ұйымдастыруға және нақты жобаларды пысықтауға уағдаласты.

Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстан Елшісі Корольдік аумағында мұнай, мұнай-химия және құрылыс салаларына сервистік қызмет көрсететін және жабдықтар жеткізетін «Forte Oil Field Services» қазақстандық мұнай-газ сервистік компаниясы филиалының ашылу рәсіміне қатысты.