
Рияд, 2026 жылғы 3 ақпан – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Король Салман атындағы Жаһандық араб тілі академиясының Бас хатшысы Абдалла әл-Уашмимен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар білім беру және араб тілін үйрену саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Елші Академияның қазақстандық студенттер мен оқытушыларға арналған тілдік тағылымдамаларды ұйымдастырудағы қолдауын жоғары бағалап, Бас хатшыға ризашылығын білдірді.
Кездесуде 2024 жылғы қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Академия арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны атап өтіліп, осы құжат аясында 2025 жылғы мамыр айында Қазақстанда араб тілі оқытушыларына арналған арнайы тренинг өткізілгені айтылды. Сондай-ақ 2025 жылғы қарашада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Араб тілі айы» ұйымдастырылып, оның аясында ғылыми семинарлар, шеберлік дәрістері және мәдени-танымдық іс-шаралар өткендігі сөз болды.
Тараптар алдағы кезеңде қазақстандық студенттер мен оқытушыларға арналған тағылымдамаларды жалғастыру, араб тілін оқытуға арналған оқу құралдары мен сөздіктерді бірлесіп әзірлеу, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары арасында араб тілін меңгеру және оқыту бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелеріне назар аударды.
Кездесу аясында Елші Академияда тағылымдамадан өтіп жатқан еліміздің оннан астам студенттерімен жеке жүздесу өткізіп, олардың араб тілін үйренудегі жетістіктерімен танысты.