
Рияд, 2026 жылғы 28 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Рияд қаласы Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы, «Obeikan Investment Group» компаниясының Бас атқарушы директоры Абдалла Әл-Обейканмен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясының іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
М.Меңілбеков Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал, шетелдік инвесторларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар туралы ақпарат беріп, елдің Орталық Азия мен Еуразия нарықтарына шығуға арналған өңірлік хаб ретіндегі әлеуетін атап өтті.
Өз кезегінде, А.Әл-Обейкан екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, бизнес-миссиялар мен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс байланыстарын жалғастыруға және өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған алдағы қадамдар туралы келісті.