
Манама, 2026 жылғы 17-19 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі және Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков Манама қаласына жұмыс сапары аясында Бахрейн Корольдігінің ресми тұлғаларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Бахрейн Корольдігінің Көлік және телекоммуникация министрі, Король Хамад атындағы Жаһандық қатар өмір сүру мен толеранттылық орталығы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы шейх Абдалла бен Ахмед Әл Халифамен, Туризм министрі Фатима Әл-Сайрафимен, Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры шейх Абдалла бен Али Әл Халифамен және Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Самир Насспен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан Елшісі шейх Абдалла бен Ахмед Әл Халифамен кездесу барысында дінаралық диалогқа қосқан зор үлесі үшін ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің құрмет медалін табыстап, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты одан әрі ілгерілету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігін қарастырды.
М.Меңілбеков Туризм министрі Фатима Әл-Сайрафимен кездесу шеңберінде Қазақстанның туризм саласындағы кең мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, өзара іс-қимылды кеңейту және бірлескен іс-шараларды іске асыру перспективалары туралы пікір алмасты.
Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры шейх Абдалла бен Али Әл Халифамен саяси диалогты нығайту, алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізу және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесуді жалғастыру мәселелері талқыланды.
Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Самир Насспен кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды орнату және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалып, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және бизнесті дамытуға бағытталған елдегі экономикалық реформалар жөнінде ақпарат берілді.
Кездесулердің қорытындылары бойынша Қазақстан мен Бахрейн арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігі расталды.