
Жидда, 2025 жылғы 30 қараша – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков Тұрақты Өкілдер Комитетінің отырысына қатысты. Аталған кездесудің негізгі мәселесі ИЫҰ реформалау процесіне арналған Жол картасының жобасын қарау болды.
ИЫҰ Жарғысының мақсаттарына және 2025 жылға арналған Ұйымның Іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, ИЫҰ-ның тиімділігін, транспаренттілігін және заманауи сын-қатерлерге ден қою қабілетін арттыру үшін оны реформалау өзекті әрі аса маңызды деп танылды. Жол картасының жобасы Ислам ынтымақтастығы, ұстамдылық және бірлік сияқты ИЫҰ-ның бастапқы құндылықтарын сақтай отырып, мазмұнды және тұрақты реформаларды іске асыруға бағытталған құрылымдық тәсілді қалыптастыруды көздейді.
Іс-шара шеңберінде Елші Мадияр Меңілбеков ИЫҰ Бас хатшысының Саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Юсеф Әлдобеаеймен екіжақты кездесу өткізіп, тараптар Ұйым аясындағы тиімді өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, Қазақ тарапының бастамасы бойынша ИЫҰ-ға мүше Азия тобының өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында тараптар өзара мүдделі мәселелерді талқылап, топ ішіндегі үйлестіруді күшейтуге және Азия өңіріндегі ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған бастамаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.