Рияд, 2025 жылғы 3 қараша – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Адам ресурстары және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Тареқ бен Абделазиз әл-Хамадпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылап, еңбек ресурстары саласындағы байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Елші Қазақстандағы маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалармен және әлеуметтік даму барысымен таныстырып өтті.
Мадияр Меңілбеков Қазақстанның Сауд Арабиясымен еңбек ресурстары мен әлеуметтік даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және осы салада тиісті құжатқа қол қоюға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Сауд Арабиясы министрінің орынбасары Т.әл-Хамад Корольдіктің Қазақстанмен адам ресурстары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары туралы айтты. Осыған байланысты ол сауд тарапының тиісті келісімге қол қоюға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту және шарт-құқықтық базаны кеңейту мақсатында тұрақты түрде байланыста болуға келісті.