
Рияд, 2025 жылғы 28 қазан – ҚР-дың Сауд Арабиясындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай ресми қабылдау өтті. Іс-шараға Сауд Арабиясы Корольдігінің ресми тұлғалары, мемлекеттік органдарының басшылары, Дүниежүзілік ислам лигасы, Цифрлық ынтымақтастық ұйымы, Корольдіктегі ірі компаниялардың өкілдері, шетелдік елшілер мен дипломаттар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков қонақтар алдында сөйлеген сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, Декларация еліміздің ішкі және сыртқы саясатын айқындап, билік органдары мен заңнамалық жүйені қалыптастыру құқығын заңды түрде бекіткеніне назар аударды. Елші екі ел арасындағы қарым-қатынастар барлық салаларда қарқынды дамып жатқанын атап өтіп, осы жылы болған сапарлар туралы ақпарат берді.
Салтанатты іс-шара барысында К.Әзірбаев атындағы филармониялық ансамблінің әншілері мен бишілері өнер көрсетті. Ресми қабылдауға келген қонақтарға киіз үй мен көшпенділер қолөнерінің ұлттық бұйымдары қойылған көрме, сондай-ақ еліміздің егеменді даму жылдарындағы жетістіктері туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Қонақтарға отандық өндірушілердің өнімдері мен ұлттық тағамдар ұсынылды.
Ресми қабылдау туралы материалды Сауд Арабиясының ұлттық ақпарат агенттігі, «Arab news» газеті және басқа да баспасөз құралдары кеңінен жариялады.