Ар-Рияд, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Сыртқы сауда бас басқармасы (GAFT) басқарушысының м.а. Әбделазиз Әл-Сакранмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу аясында қатысушылар өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін қарастырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған алдағы бірлескен іс-шараларды талқылады.
Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымының ұлғаюының оң серпінін атап өтті. Атап айтқанда, 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты сауданың көлемі 7,1 млн. АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға өсті.
Осы тұрғыда, сұхбаттасушылар өзара ықпалдастықты арттыру үшін елеулі әлеуетті атап өтіп, тауар айналымын және экспорттық тауарлар номенклатурасын нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ қос елдің бизнес өкілдеріне нақты қолдау көрсету туралы уағдаласты.
2019 жылы САК Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылған Сыртқы сауда бас басқармасы (GAFT) қаржылық және әкімшілік жағынан тәуелсіз мемлекеттік ұйым болып табылады және сыртқы сауда саласында кең өкілеттіктерге ие. Өз қызметі шеңберінде «GAFT» Корольдіктің сыртқы сауда саясаты мен стратегиясын әзірлейді, мемлекеттік және жеке сектордың қызметін үйлестіреді, аймақтық және халықаралық сауда ұйымдары мен форумдардағы мемлекеттің мүдделерін қорғайды.