Қазақстан – Сауд Арабиясының туристтері үшін жаңа бағыт

Қазақстан – Сауд Арабиясының туристтері үшін жаңа бағыт

Ар-Рияд, 2025 жылғы 12 маусым – Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасында Қазақстан Республикасының Елшілігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның қолдауымен Қазақстанның туристік мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Сауд Арабиясы Туризм министрлігінің өкілдері, Орталық Азия елдері және Түркияның елшілері мен дипломаттары, сондай-ақ жергілікті туристік компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияны жетекші туроператорлар мен Таяу Шығыс бойынша Air Astana әуе компаниясының өңірлік өкілі Ғалымжан Бәзілбаев таныстырды.

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков өзінің алғы сөзінде туристік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын және Корольдік азаматтарының Қазақстанға деген өсіп келе жатқан қызығушылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында елдің туристік бағыттары таныстырылып, белсенді, сауықтыру және мәдени туризмге ерекше көңіл бөлінді. Әуе қатынасын кеңейту, турпакеттерді дамыту және компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың келешегі де талқыланды. Air Astana және Kite Travel компанияларының өкілдері Таяу Шығыстан келетін туристерге арналған бағыттар мен сервистерді дамыту жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстанның туристік мүмкіндіктері жайлы бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шара B2B форматындағы іскерлік сессиямен аяқталды, онда тараптар әріптестікті дамыту бойынша нақты қадамдарды талқылады. Қатысушылар қазақ мәдениетінің элементтерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Қонақтар жылы қабылдау мен екіжақты байланыстарды нығайтудағы іс-шараның жоғары маңыздылығы үшін ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдірді.

Сауд Арабиясынан Қазақстанға келетін туристер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл – тараптар арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын және оң динамикасын көрсетеді.