Қазақстаннан көлікпен Меккеге бет алған жерлестер Сауд Арабиясына аман-есен жетті

Қазақстаннан көлікпен Меккеге бет алған жерлестер Сауд Арабиясына аман-есен жетті

Ар-Рияд, 2025 жылғы 26 мамыр – Семей қаласынан үлкен қажылыққа көлікпен аттанған еліміздің төрт азаматы Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядқа жетті. Ержан Слямбеков, Айдар Құрманов, Қанат Саимов және Леонид Паязитовты Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков жылы қарсы алып, Елшілік қабырғасында кездесу өткізді.

Кездесу барысында аталған азаматтар өздерінің 13 күнге созылған сапарлары жайында баяндап, жүріп өткен бағытымен бөлісті. Олар Семей қаласынан шығып Астана, Ақтөбе және Атырау қалаларын басып өтіп, Ресей Федерациясы, Грузия, Түркия, Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері арқылы Сауд Арабиясының аумағына жеткен.

Бұл тарихи сапардың ұзындығы шамамен 10 мың шақырымды құрап отыр. Жерлестеріміз бұдан әрі Мекке мен Мәдинаға бағыт алады. Елші оларға ақ жол тілеп, қасиетті мекендерге аман жетулеріне тілектестік білдірді.

Айта кететін жайт, ХІХ ғасырда ұлы Абайдың әкесі – тарихи тұлға Құнанбай Өскенбайұлы қажылыққа бірнеше айға созылған ұзақ сапармен киелі Меккеге жеткен еді. Сол тарихи жол шамамен жүз елу жыл өткеннен кейін жаңғырып отырғанын атап өту қажет.