Абха, 2025 жылғы 19 мамыр – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Абха қаласына жұмыс сапары аясында Асир провинциясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Асир провинциясының губернаторы, ханзада Турки бен Талал бен Абдельазиз Әл Саудпен, өңірлік Дамыту басқармасының атқарушы директоры Хашем Әл Даббахпен, сондай-ақ өңірлік Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Махди Әл Хадбанмен кездесті.
Келіссөздер барысында қазақстандық дипломат еліміздің инвестиция және туризм салаларындағы кең мүмкіндіктері туралы айтып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және бизнесті дамытуға бағытталған елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде ханзада Турки бен Талал Елшімен екі ел арасындағы тарихи байланыстарды талқылай келе, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, әсіресе сауда, инвестиция және туризм салаларында өз қызығушылығын білдірді. Сонымен қатар ол қазақстандық дипломатты биылғы 27 мамырда өтетін өңірлік Инвестициялық форумның ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
Хашем Әл Даббах Асир провинциясының дамыту стратегиясымен таныстырып, өңірлік жоспарлау және тұрақты даму саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Махди Әл Хадбан Қазақстан мен өңір кәсіпкерлері арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға сауда-өнеркәсіп палатасының белсенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Бұдан бөлек, Елші Король Халид атындағы университетті аралап, университет Президенті Фалех Әл Суламимен кездесті. Айта кететін жайт, бұған дейін аталған университет пен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Асир провинциясы арасындағы, әсіресе өңіраралық өзара іс-қимыл шеңберінде ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді. Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту мақсатында өзара сапарлар мен B2B форматындағы кездесулерді ұйымдастыру арқылы іскерлік байланысты жандандыруға уағдаласты.