Қазақстан мен Латвия ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Латвия ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастықты нығайтуда

Рига, 19 наурыз – Қазақстан Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Аманғали Бердалин екі күндік жұмыс сапарымен Ригада болды. Қазақстандық делегация құрамына Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының, Республикалық ветеринарлық зертхананың, сондай-ақ Ауыл шаруашылық кешеніндегі экономикалық саясаттың талдамалық орталығының басшылары кірді.

Сапар барысында Латвияның Ауыл шаруашылық министрі Армандс Крауземен кездесу өтті. Сұхбат аясында басты назар ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты кеңейтуге және ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуде сауда байланыстарын дамытуға аударылды. Армандс Краузе Латвияның тұрақты серіктесі ретіндегі Қазақстанның маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытты.

Аманғали Бердалин өз кезегінде экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін қазақстандық тауарлардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Қол жеткізген келісімдерді іс жүзінде іске асыру үшін тараптар ауыл шаруашылығы бойынша қазақстандық-латвиялық Жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдады.

Сондай-ақ қазақстандық делегация азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалау мәселелерін талқылау үшін Латвияның Азық-түлік және ветеринариялық қызметінің Бас директоры Марис Балодиспен кездесті.

Соңымен қатар делегация «Bior» Мемлекеттік ғылыми институтына барып, онда аса қауіпті ауруларды қадағалау әдістемесімен, тағамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын техникалық жабдықтармен етене танысты