2023 жылғы 21-23 қыркүйек аралығында латвиялық тараптың шақыртуымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының Президенті Күнсұлу Закарьяның Ригаға сапары өтті.
Латвия Республикасының Ғылым академиясының Президенті Иварс Кальвиншпен кездесу барысында тараптар ғылым мен білім беру саласындағы қазақстандық-латвиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету мәселелерін жан-жақты талқылады. Қазақстан мен Латвия ғалымдары арасында өзара әрекеттесуді белсендіруге, ғылыми-зерттеу мекемелерінің бағыты бойынша бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған екі ел академиялары арасында меморандумға қол қойылды.
Сапар барысында К.Закария Латвия Экономика институты жыл сайын ұйымдастырып, өткізетін «Ашық инновациялар: адам шығармашылығынан инновациялық экономикаға» атты VI Халықаралық экономикалық форумға қатысты. Форумда сөз сөйлеген К.Закария Қазақстан ғылымын дамытудың негізгі басымдықтары мен елдегі ғылыми әлеуетті одан әрі нығайту шаралары туралы атап өтті. Баяндамада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылым алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңінен енгізу және пайдалану қағидатына негізделген ғылыми менеджменттің жаңа үлгісін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Латвия ғалымдарының ұсынысы бойынша К.Закария Латвияның Биомедициналық зерттеулердің ұлттық орталығы, Латвия органикалық синтез институты, Рига техникалық университетінің қоршаған ортаны қорғау және биожүйелер зертханалары, сондай-ақ Латвия университетінің Академиялық кітапханасы сияқты жетекші ғылыми мекемелерінде болды.