Латвия кәсіпкерлері Қазақстан Президентінің Жолдауымен танысты

Латвия кәсіпкерлері Қазақстан Президентінің Жолдауымен танысты

Рига, 2023 жылғы 6 қыркүйекте – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетов Латвияның іскерлік топ өкілдері үшін брифинг өткізіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауымен таныстырды.

Елші Жолдаудың негізгі тұстарына егжей-тегжейлі тоқталып, оның қазақстандық қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларын кешенді және жүйелі түрде жаңартуға бағытталған президенттік реформалардың стратегиялық бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздің алдағы жылдарға арналған елдің экономикалық даму стратегиясын ұсынып, оның мәні шикізаттан өнеркәсіптік экономикаға көшу екенін атап өтті. Осыған орай, қазақстандық дипломат жиналғандардың назарын Мемлекет басшысының  қуатты өндірістік базаны, жоғары технологиялық кәсіпорындарды құру, көлік-логистикалық әлеуетті іске асыру, адами капиталды нығайту және экономикалық өзін-өзі жеткіліктілікті қамтамасыз ету жөніндегі аса маңызды бастамаларына аударды. Ол отандық және шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер беру бойынша ұсыныстарға басты назар аударды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін алғашқы үш жылда салық төлемдерінің барлық түрінен босату.

Латвия кәсіпкерлері өз тарапынан елімізбен тығыз экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделі екендіктерін растап, Қазақстан Президенті өз Жолдауында ұсынған бастамалар мен жобалар шетелдік инвесторларға қазақстандық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Олар ағымдағы жылғы 12-13 қыркүйек аралығында Латвияның өкілді бизнес-делегациясының Қазақстанға сапары сәтті өтетініне сенім білдірді.

Брифингке Латвияның ірі салалық бірлестіктері мен қауымдастықтарының, жетекші көлік-логистикалық және IT компаниялардың, фармацевтика саласындағы кәсіпорындарының 17 басшысы қатысты.