Қазақстан мен Латвия арасындағы ғылыми және білім беру салаларында ынтымақтастық дамуда

Қазақстан мен Латвия арасындағы ғылыми және білім беру салаларында ынтымақтастық дамуда

Огре техникалық колледжінің шақыруы бойынша ү.ж. 20-23 қыркүйекте Латвияда «APEC PetroTechnic жоғары колледжі», «Talap» КеАҚ және «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің» басшылығы мен өкілдері құрамындағы қазақстандық делегация болды.

Делегация Еуропалық білім беру қоры қаржыландыратын «Excellence in work – Based learning: Latvian model» семинарына қатысты, сондай-ақ Латвияның инжинерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына маманданған бірқатар жоғары оқу орындарының қызметімен танысты.

Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі делегация үшін Латвиядағы жоғары техникалық білім саласындағы басты жоғары оқу орны болып табылатын Рига техникалық университетіне сапар ұйымдастырды. Қазақстандық мамандар Университет басшылығымен кездесіп, эксперименттік материалдар механикасы, қолданбалы химия және метрология зертханаларына барды.

Елшіліктегі кездесуде екі ел арасындағы жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан 300-ге жуық студент Латвияның 12 жетекші ЖОО-да білім алуда, олардың ішінде Латвия университеті, Рига техникалық университеті, Страдыня атындағы Рига университеті, Көлік және байланыс институты, Рига аэронавигация институты, Балтық халықаралық академиясы.