Қазақстан СІМ басшысы: Еуропарламент делегациясының уақтылы сапары ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді

Қазақстан СІМ басшысы: Еуропарламент делегациясының уақтылы сапары ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 11 сәуір – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19-шы отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық парламент делегациясын қабылдады.

Делегация тобына Еуропалық парламенттің (ЕП) Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының бірінші орынбасары және ЕП көлік және туризм жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Андрис Америкс (Латвия), ЕП халықаралық істер жөніндегі комитетінің мүшесі Франсиско Миллан-Мон (Испания), сондай-ақ ЕП бірқатар жетекші партиялық топтарының саяси кеңесшілері кірді.

«Еуропарламент делегациясы Қазақстанға өте дер кезінде келуі
Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында саяси және парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ынтымақтастықтың жаңа перспективалық тауашаларын іздеуге қосымша серпін береді», – деп кездесу барысында ҚР сыртқы саяси мекемесінің басшысы мәлімдеді.

Министр еуродепутаттармен ҚР Президентінің елдің саяси жүйесін жаңғырту және «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі реформалар бағдарламасын талқылады.

Өз кезегінде А. Америкс «Қазақстан Еуропалық одақтың Орталық Азия өңіріндегі негізгі әріптесі болып табылады», – деп атап өтті. «Мен екі жарым жыл бұрын Қазақстанға келгенімнен бері көп нәрсе өзгерді, бірақ Қазақстан мен Еуропалық одақ жақын серіктес болып қала береді. Біз елдегі саяси реформалар бағытын қолдаймыз және оның жүзеге асырылуын мұқият бақылаймыз».

«Қаңтар трагедиясының» шынайы себептерін зерттеу тақырыбы Еуропарламенттің 2022 жылдың басында қабылданған Қазақстандағы адам құқықтарын сақтау жағдайы туралы қарары аясында да қозғалды.

«Біз Қазақстан жыл басында тап болған жағдайдың күрделілігін түсінеміз және тергеудің ресми нәтижелерін күтеміз», – деді осы орайда Ф. Миллан-Мон.

ЕП делегациясының сапары аясында, парламентаралық ынтымақтастық комитеті отырысынан басқа, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Сенат мен Мәжіліс депутаттарымен, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, ҚР құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік органдардың экономикалық саласындағы және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

Анықтама: 1994 жылы құрылған Еуропалық парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясы 19 тұрақты және бірнеше ауыспалы мүшелерден тұрады. ҚР – ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырыстары екіжақты саяси диалогты дамытудың маңызды құралы болып табылады, негізгі келісімдердің, оның ішінде КӘЫК іске асырылуын бақылау, сондай-ақ министрлер кездесуінің – ҚР – ЕО  Ынтымақтастық кеңесі – жұмысын күшейту бойынша ұсыныстар жасау.