Латвия СІМ-дегі кездесу туралы

Латвия СІМ-дегі кездесу туралы

Рига, 2022 жылғы 1 сәуір – Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латвия Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты байланыстар бірінші департаментінің директоры Катарина Платері ханыммен кездесу өткізді.

Сұхбаттасу барысында саяси және экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізу, Қазақстан мен Латвия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар кестесі туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін, Қазақстан-Латвия Үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Бұған қоса, екіжақты құқықтық базаны жетілдіру және кеңейту, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі жоғары дәрежелі латвиялық дипломаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тарихи Жолдауын,  еліміздегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру бойынша егжей-тегжейлі хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Латвия қарым-қатынастары екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша тұрақты және дәйекті даму динамикасына ие екендігін растап отырып және өзара мүдделі барлық мәселелер бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.