
Рига, 2026 жылғы 24 ақпан – Елші Дәурен Кәріповтің болу еліндегі ең ірі конфессияның өкілі – Рига және Латвия Архиепископы (Латвия Евангелиялық-лютеран шіркеуі) Риналдс Грантспен кездесуі өтті.
Д.Кәріпов сұхбаттасын Қазақстан-Латвия қатынастарының жәй-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ Қазақстанның бейбітшілік пен конфессияаралық келісім саласындағы саясаты туралы хабардар етті. Ол Қазақстан түрлі діндер мен конфессиялардың үйлесімді қатар өмір сүруіне негізделген бірегей моделінің арқасында жаһандық деңгейде де олардың арасындағы диалогты нығайтуға белсенді түрде ықпал етіп отырғанын атап өтті. Бұл үдерісте Қазақстанның бастамасымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі және оның аясында қабылданған шешімдер мен құжаттар, соның ішінде «Астана бейбітшілік декларациясының» маңызды рөл атқаратынын да жеткізді.
Архиепископ Р.Грантс жан-жақты ақпарат пен Қазақстанның конфессияаралық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Cъезін бейбітшілік, төзімділік және діндер арасындағы өзара құрмет құндылықтарын ілгерілететін маңызды халықаралық алаң ретінде жоғары бағалайтынын айтты.